Атырауда туысының көлігін ұрлап айдап кеткен жасөспірім ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда туысының көлігін айдап кеткен жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 маусымда 102 операторына Водник елді мекеніндегі үй ауласында тұрған автокөлікті белгісіз біреу айдап кеткені туралы хабар түскен.

«Көшелердегі бейнебақылау камералары арқылы жедел іздестірілген «Volkswagen Jetta» маркалы автокөліктің Махамбет-Абай көшелерінің қиылысынан орталық көпірге қарай бағыт алғаны байқалды. Патрульдік полиция қызметкерлері аталған көлікті 3 минуттан соң Сәтбаев көшесінде тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің рулінде кәмелет жасқа толмаған, яғни 2003 жылы туған жасөспірім отырғаны анықталды. Белгілі болғандай, рульдегі жасөспірім көлік иесінің жақын туысы болып шықты» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Көлікті заңсыз айдап кеткен 17 жастағы жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 612-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) хаттама толтырылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көлік жүргізген оқушы баланың анасы жауапқа тартылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар