Атырауда тұрғындар шағымданып келген «Сасықсай» жабылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда кәріз суын тазартатын кешеннің жаңа жүйесі салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа кәріз тазарту ғимаратының қолданысқа берілуі облыс орталығының сол жақ бөлігіндегі кәріз суын тазалау мәселесін шешеді. Ол алдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Кәріз тазарту ғимаратының жаңа жүйесінің құрылысына 70 маман тартылған. Биотоған, лай алаңы, бас кәріз сорғы стансасы құрылысы салынып жатыр.

Қаланың сол жақ бөлігіндегі кәріз тазарту ғимаратының кешені Атыраудың оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасады.

Кешен жұмысын бастағаннан кейін қазіргі қолданыстағы «Сасықсай» жабылады, жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бойы осы мәселе бойынша шағымданып жүрген еді. Кешенде бас кәріз стансасы алаңы, кәріз тазарту ғимараты алаңы, биологиялық тоған алаңы мен булану алаңы бар. Кешен қуаты тәулігіне 70 000 куб метр пайдаланылған су жіберуге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталады.

Айта кеткен жөн, Атырау қаласы әкімі Серік Шапкенов тұрғындармен кездесуінде КТЖ ғимараты 1978 жылы қолданысқа берілгенін, содан бері күрделі жөндеу жасалмағанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар