Атырауда тұрғын үйден 2,5 мыңға жуық ақбөкен мүйізі тәркіленді

None
Фото: Полиция департаменті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда тұрғын үйден ақбөкеннің 2500-ге жуық мүйізі тәркіленді. Осыған байланысты үш күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тәркіленген мүйіздің салмағы 500 келіден асады.

«Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдерімен бірге «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара кезінде Атырау қаласындағы «Береке» ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірі тексеріліп, жалпы салмағы 500 келіден асатын 2 421 дана ақбөкен мүйізі анықталды. Осыған байланысты 1991, 1987 және 1986 жылғы күдіктілер анықталып, ұсталды. Келтірілген залал құны 6 млрд 264 млн теңгеден асады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.




Қазір аталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлінімен қылмыстық іс қозғалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының тұрғынынан 8 киіктің мүйізі тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.




«Индер аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 12 қараша күні сағат 23:30 шамасында «Охотазоопром» РМҚК батыс өңірлік филиалының инспекторларымен бірлесіп, Сыралы учаскесіндегі қыстақтардың бірінен киікке ұқсас жануардың 8 дана мүйізін тәркіледі. Күдікті ретінде аталған ауданның 1958 жылғы тұрғыны ұсталды. Оның Өрлік ауылында тұратыны анықталды», - деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар