Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, бір адам мерт болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, бір адам мерт болды. Ал, жасөспірім жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, 2 шілде сағат 19:30-да Атырау қаласының іргесінде Тасқала елдімекенінде тұрғын үй өртенген.

«Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жеке тұрғын үйдің ас дайындау бөлмесінде газ-ауа қоспасының жиналуынан өрт шыққанын анықтады. Өрт сағат 20:00 кезінде сөндірілді. Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 12 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды» деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, өрт салдарынан оқиға орнында 1972 жылы туған әйел мерт болған.

Ал, 2009 жылы туған жасөспірім 85% термиялық күйікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазір өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.

«Өрттің шығу себебі – газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы. Отбасының басқа мүшелерінің айтуынша, өздері газ плитасын газ желісіне арнайы мамандардың қатысуынсыз жалғаған. Бұл – газ және жылыту құрылғыларын пайдалану ережелерін өрескел бұзу» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда иесі болмаған кезде көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер өртенген болатын.


Соңғы жаңалықтар