Атырауда тұрғын үй кооперативінің құрылтайшыларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда тұрғын үй кооперативінің құрылтайшыларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың төрағалығымен «Жібек жолы» тұрғын үй кооперативінің үлескерлерімен кездесу өтті. Оған облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылары қатысты.

Атырау қалалық полиция басқармасының аға тергеушісі М.Қадыровтың айтуынша, «Жібек жолы» тұрғын үй кооперативінің құрылтайшыларына қатысты көтерілген қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қылмыстық істі тамыз айында сотқа жіберу көзделіп отыр.

«Қазір «Жібек жолы» және «Ақ маржан» тұрғын үй кешендеріне қатысты туындаған даулы мәселені Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің өзі қадағалап отыр. Облыс әкімі тұрғын үй кешендерінің құрылысына байланысты туындаған жағдай, Атырау қаласының аумағындағы өзге де тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау жөнінде бірнеше мәрте кездесу мен жиын өткізді», -дейді облыстық мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов.

Оның айтуына қарағанда, «Жібек жолы» және «Ақ Маржан» тұрғын үй кешендерінің құрылтайшылары – бір тұлғалар. Енді аталған тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау үшін инвесторларды іздеу сот үкімі шыққан соң жүзеге асады. Өйткені, тергеу кезінде тұрғын үй кешенінің құрылысына келтірілген шығын көлемі өзгеріп тұр.

«Аталған тұрғын үй кешендерінің үлескерлері арасында құқық қорғау органдарына әлі арызданбағандар бар. Соның салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтау қиынға соғып тұр. Себебі, болашақ инвесторларға құрылысты аяқтау үшін қажетті қаржының нақты көлемі анықталуы керек»,- дейді Ерлан Қабдинов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 45 млн теңгеге 3 пәтер алып беремін деп Алматы тұрғынын алдаған атыраулық әйел ұсталғанын https://kaz.inform.kz/news/45-mln-tengege-3-pater-alyp-beremin-almaty-turgynyn-aldagan-atyraulyk-ayel-ustaldy_a3916096 жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар