Атырауда түнімен көше кезген 23 жасөспірім анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда түнімен көше кезген 23 жасөспірім анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17-20 қарашада «Студент» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен.

«Ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары іс-шараны облыстық ішкі саясат басқармасы және «Ақтөбе даму» қоғамдық қорының мамандарымен бірге өткізді. Іс-шара кезінде түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде қыдырған 23 жасөспірім анықталды. Осыған байланысты 22 ата-анаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлімімен (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын-жайдан тыс жерде болуы) әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, 1 ата-анаға баласы аталған құқық бұзушылықты бір жыл ішінде бірнеше рет қайталап жасағаны үшін 442-бабының 3-бөлімімен (осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер) әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу, білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамай жүргені анықталған. Енді оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) толтырылған әкімшілік хаттамалар сотқа жолданып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда аялдаманы бүлдірген жасөспірімдер ұсталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар