Атырауда түнгі сот жұмыс істейді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда түнгі сот жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Манат Комиршинов пен Атырау облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Берік Амангелдінің кездесуі барысында мәлім болды.

Кездесуде М.Комиршинов Атырауда шет елдердің тәжірибесі негізінде ұсақ істерді қарауға уақыт бөлу үшін түнгі соттың жұмысы енгізілетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай істерге жол-көлік оқиғасы, отбасы-тұрмыстық қатынастар, ұсақ бұзақылық және т.б. құқықбұзушылықтар жатады.

«Ережеге сәйкес, ЖКО қатысушылардың істі сағат 13.00 ден 22.00 аралығында қарауға келісімі болған жағдайда, өкілетті органның қызметкері сотқа келу туралы уақыты мен орны көрсетілген талонды толтырып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы жолдайды. Бұл рәсім ЖКО болғаннан кейін үш тәуліктен асып кетпеуі тиіс. Егер де ЖКО қатысушы өз пікірін өзгерту жөнінде шешім қабылдаса, судья істі жалпы тәртіпте қарау үшін кейінге қалдырады»,-делінген сот таратқан хабарламада.

Айта кету керек, «Түнгі сот» пилоттық жобасы аясында Атырау облыстық соты мен Атырау облыстық Ішкі істер департаменті арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасақталды.

Соңғы жаңалықтар