Атырауда түнгі клубтың алдында төбелескен қыздардың ісі сотқа жолданды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі бойжеткен түнгі клубтың алдында төбелесіп қалған. Қазір екі қызға қатысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 19 тамызда түнде болған.

Екі бойжеткен түнгі сағат 03:30 шамасында «Авангард» шағын ауданындағы түнгі клубтың бір-бірімен жанжалдасып қалған. Олардың бұл теріс әрекетін Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының инспекторлары байқаған.

«Жедел басқару орталығының инспекторлары қоғамдық орындағы төбелес туралы «Батыс» экипажының қызметкерлеріне хабар берген. Оқиға орнына жеткен экипаж қызметкерлері бір-бірімен жанжалдасып, төбелес шығарғандардың екеуі де 1997 жылғы бойжеткен екенін анықтады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Түнгі клуб алдында жаға жыртысқан бойжеткендерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.

Бұдан бұрын Атырау стадионында футбол жанкүйерлері төбелесіп қалғанын жазған едік.

«Атырау-Ақтөбе» футбол құрамаларының ойыны басталмас бұрын стадион алдында жанкүйерлер арасында қақтығыс орын алған. Полиция қызметкерлері қоғамдық орында құқық бұзушылыққа жол берген 30 адамды ұстады.

Кейін төбелеске қатысқан 28 адамға айыппұл салынған болатын.

Атырау қалалсының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 28 адамның ісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен қаралған.

Сот қаулысымен 2 адамның әрқайсысына 15 315 теңге, ал, 26 тұлғаның әрқайсысына 10 721 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар