Атырауда түнде қыдырған 23 жасөспірім ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда түнде қыдырған 23 жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінңң мәліметінше, 22-25 қыркүйекте «Жанұя және бала» жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасы өтті.

«Іс-шара кезінде ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторлары түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде қыдырып жүрген 23 жасөспірімді анықтады. Осыған байланысты 22 ата-анаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 442-бабының 2-бөлімімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде болуы) әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту берілді. Ал, 1 ата-ананың жасөспірім баласы мұндай құқық бұзушылықты бір жыл ішінде бірнеше рет қайталап жасағаны белгілі болды. Сол себептен, жасөспірімнің ата-анасына қатысты аталған кодекстің 442-бабы 3-бөлімімен (Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер) толтырылған әкімшілік хаттама сотқа жолданып отыр» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, 4 ата-анаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабымен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) хаттамалар сотқа жолданды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жасөспірім жаппай төбелес туралы жалған хабар бергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар