Атырауда терроризм туралы жалған хабар беру бойынша 5 қылмыстық іс қозғалған

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырауда терроризм туралы жалған хабар бергендердің үстінен 5 қылмыстық іс қозғалған. Екі іс сотқа жолданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру дерегі бойынша 5 қылмыстық құқық бұзушылық ісі тіркелген.

«Осы кезге дейін екі іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жолданды. Мұндай қылмысты жасағандар әрекетінің басты себебі – кәсіпорын немесе мекеменің жұмысын тоқтату. Тіпті, жалпы білім беретін мектептерде сабақты болдырмауды көздейтіндер бар. Ал салдары – кәсіпорындар шығынға батады. Көп жағдайда терроризм актісі туралы жалған хабарды әзіл деп ойлайтын адамдар мұндай теріс әрекеті үшін жауапқа тартылатынын сезіне бермейді», - дейді Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин.

Оның айтуына қарғанда, қалалық прокуратураның пәрменімен екі сайт бұғатталған. Бұл сайттарда үй ішінде жарылғыш заттарды дайындауды үйрететіні анықталған.

«Тұрғындарға терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабар бергені үшін ең қатаң жаза бар екенін ескерткім келеді. Жалған хабар таратушыларға ҚР қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді Аршат Тайтуллин.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бәстесуден ұтылған жасөспірім жалған хабар бергенін, кейін оқушы бір айда полицияны 4 мәрте өтірік ақпаратпен шақырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар