Атырауда «тәтті» кітаптар көрмесі өтті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «тәтті» кітаптар көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен «тәтті» кітаптар көрмесі қалың оқырманның кітапқа деген қызығушылығын оятуға арналған «Kitap-Fest» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде аталмыш оқу орнының «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының мүшелеріне, ата-аналар мен ұстаздарға 16 әдебиетті бір айда оқып шығу ұсынылған болатын.null

«Олар әуелі берілген кітапты отбасында және мектепте үзіліс кезінде оқыды. Әрбір кітаптың мазмұндылығы мен қалың болуына байланысты фестивальді бір айға созуға тура келді», - дейді ұйымдастырушылар.

Озық оқырмандар мәдениетін дамытуға арналған «Кітап-Фест» фестивалі бірнеше кезеңді қамтыды. Әуелі, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары тәрбие мен оқыту, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты арттыруға арналған үздік әдебиеттерді өздері оқыған соң, оларды қала тұрғындарына насихаттады. «Кітап қаланы аралайды» акциясы аясында «Шаңырақ» қауымдастығының мүшелері қала көшелерінде, қоғамдық көліктерде, түрлі жекеменшік және мемлекеттік ұйымдарға барып, кітап туралы айтып берді. Таңдаулы шығармалардың басым көпшілігі баламен байланыс орнату, жасөспірімдер психологиясындағы күйзелістердің алдын алу, ата-ананың қоғамдағы рөлі мәселелеріне арналған. Олардың арасында Санжар Керімбайдың «Өмірге ғашық болу», Ольга Громованың «Шекер бала», Стивен Ковидің «Отбасы тұрақтылығының жеті қағидасы» туындылары бар.

Ақпан айының басында бастау алған жоба өз мәресіне жетті. Осыған орай мектеп оқушылары кітаптар формасында торттар пісіріп, көрме ұйымдастырды. Торттардың бірі кітап мұқабасы ретінде безендірілсе, бірінің бетіне нақыл сөздер жазылған. Көрмеге сондай -ақ оқушылардың қолымен жасалған түрлі бұйымдар, тұрмыстық заттар қойылды. null

«Әрине, басты мақсат осындай көрме жасап, таңғалдыру емес. Керісінше, оқушылар мен ата-аналардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың тың форматы десек дұрыс болады. Себебі, бұл кітаптарды балалар мен ата-аналар өздері оқып шықты. Сәйкесінше, жасалған кәдесыйлар, жәрмеңкеде ұсынылып отырған тауарлардың барлығы белгілі бір кітаптың мазмұнын сипаттайды», - деді мектептің баспасөз хатшысы Әнуар Жаманқұлов.null

Соңғы жаңалықтар