Атырауда таңғы жаттығуға 2 мыңға жуық қала тұрғындары қатысты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау қаласының тұрғындары Мемлекет басшысының жолдаған «Сенің жаңа қырың» челленджін қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Флешмоб Махамбет атындағы облыстық академиялық драма театр алаңында өтті. Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға және дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған.

Таңғы жаттығуға 2 мыңнан астам қала тұрғындары қатысты. Ірі көлемдегі «Сенің жаңа қырың» спорттық шарасы Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Атырау облысында өткізіліп отырған алғашқы республикалық флешмоб.



Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, бір уақытта республика бойынша таңғы жаттығу гимнастикасы өткізілді. Ауқымды шара Ақтау, Оңтүстік Қазақстан, Шымкент, Петропавл және Өскемен қалаларынан арнайы Астана қаласына тікелей телекөпір арқылы көрсетілді.



«Бүгінгі таңғы жаттығу гимнастикасына Атырау жұртшылығы атсалысып, қатысып жатыр. Осы шараның басты мақсаты - аймақтағы бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын ұстану. Өңірімізде тұрғындардың 27,5 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады»,-дейді Атырау облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенің жаңа қырың» атты ауқымды акцияны бастады. Онда Елбасы қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға шақырып, әрқайсысына мысал көрсеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар