Атырауда сұйытылған газ сақтау паркіне 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сұйытылған мұнай газын сақтау паркіне 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департаменттің ақпаратына сүйенсек, ҚР Табиғи монополия туралы заңының 26-бабының 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифтік сметаны орындауға міндетті.

Алайда, «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС тарапынан бұл талап сақталмаған.

«Аталған серіктестіктің реттеліп көрсетілетін қызметі бойынша 2021 жылға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы есебін талдау кезінде бәсекелес кірме жолы болмаған жағдайда жылжымалы құрам өтуi үшiн кiрме жолды беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге бекітілген тарифтік сметада көзделген амортизациялық аударым қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Тұтынушыларға қайтару сомасы (Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып) 412,058 мың теңгені құрады. Бұл қаржы тұтынушыларға қайтарылды», -деп мәлім етті аталған департаменттен.

Осы дерекке байланысты «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 164-бабының 4-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылып, 4 млн 900 мың 800 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Серіктестік айыппұлды қысқартылған өндірісте көрсетілген соманың елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда газ құятын компания бағаны себепсіз қымбаттатып, 2 млрд теңге табыс тапқаны хабарланған еді.


Фото: images.bfmtv.com

Соңғы жаңалықтар