Атырауда су есептегіш құралдары шығарылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазаАқпарат – Атырауда су есептегіш құралдарын шығаратын зауыттың іргетасы қаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа зауыт Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында салынады.

Шетелдік құрылғылармен жабдықталатын зауытта болашақта айына 18 мың данадан астам өлшегіш құрылғыларын шығарылады.

«Қазіргідей күрделі кезеңде біз үшін жұмыс орны мен өндіріс ошағы маңызды. Су есептегіш құралдарын шығаратын зауыт – Махамбет ауданында бой түзейтін алғашқы өндіріс орны. Экономикаға пайдалы мұндай жобаларды көбейту алдағы уақытта да жалғасады»,-деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Жаңа зауытта 80 адам жұмыспен қамтылады. Оның 60-тан астамы – жергілікті тұрғындар. Солардың қатарында Сарытоғай ауылының тұрғыны Азамат Сұлташев та бар.

«Бұған дейін Теңіз кенішінде жұмыс істеп келдім. Ауылымызда отандық өнім шығаратын зауыт ашылатынын естіп, осында ауыстым. Мұнда менімен бірге ауылдастарым жұмыс істейді. Арнайы оқу курсынан өттім. Ерекше зауыттың алғашқы қызметкерінің бірі болғаныма қуанамын»,-дейді ол.

Ал, «Guryev» ЖШС-нің директоры Жеңіс Бекбасаровтың айтуынша, бұл - Қазақстандағы отандық есептегіш құралдар шығаратын алғашқы өнеркәсіп. Қажетті шикізаттың барлығы ел ішінен әкелінеді. Әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Алғашқыда зауыт облыс кәсіпорындарын қамтамасыз етеді. Кейін республиканың өзге өңірлерінің де сұранысын қанағаттандырады.

«Су өлшеуіш құралдары қазіргі таңда шетелден жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ шетелден әкелінген бөлшектері құрастырылады. Сондықтан бұл зауыт еліміз үшін өте пайдалы өндіріс болады деп отырмыз. Бастапқыда мұнда механикалық есептегіш құралдар, кейін электронды түрлері шығарылады. Мұның тиімділігі – ай сайын суды қанша тұтынғанын құрылғы автоматты түрде есептейді. Осы орайда, елімізде жүргізіліп жатқан ақпарат тасымалдау жүйелерін цифрландыру жұмысына да игілігі тиетін ерекше жоба деуге болады»,- деді Жеңіс Бекбасаров.

Сонымен қатар, шара барысында зауыт басшылығы екі компаниямен меморандумға қол қойды. Аталған зауыт құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталып, өндірістік жұмысын бастамақ.


Соңғы жаңалықтар