Атырауда соңғы 2 жылда браконьерлерден 600-ден астам көлік тәркіленді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда соңғы екі жарым жыл ішінде браконьерлерге қатысты 4000-нан астам құқықбұзушылық анықталып, 58 заңсыз балық аулаушының үстінен 35 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Браконьерлерден жалпы сомасы 125 млн теңге шығын өндірілді. ҚР АШМ Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, барлық құзырлы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде браконьерлікпен күрес кең көлемде жүргізіліп келеді.

«Соңғы екі жылда қолданылған шаралар нәтижесінде браконьерлікпен күрес күшейді, мысалы 2014-2015 жылдары 14 қылмыстық іс қозғалса, 2016-2017 жылдары 35 болды. Соңғы екі жылда заңсыз балық аулаушылар 125 млн теңге шығынды өтеді, 2014-2015 жылдары 33 млн теңге болған еді. Екі жылда 11 мың балық аулау құралын, 600 жүзу және көлік құралдарын тәркіледік»,-дейді Данияр Баймағамбетов.  

Инспекция басшысының айтуынша, қазір нақты нәтиже бар.

«Айта кету керек, көп жылдан бері биыл ғана Жайық өзенінде ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде шоқыр балығының шабақтары анықталды, бұл балық қорғау жұмыстарының тиімділігін көрсетеді. Бағалы балық түрлері уылдырық шашатын орындарына дейін жетті. Осылайша биыл бекірелер жасанды ғана емес, табиғи түрде де өндіріледі. Мемлекет басшысы балық қорын болашақ ұрпақ үшін сақтау міндетін қойды. Қазір заңсыз балық аулаумен күшейтілген күрес нәтижесінде болашаққа үміт пайда болды»,-дейді Д. Баймағамбетов. 

Күзгі маусымда балық аулау кооперативтеріне берілетін лимиттің игерілуіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Балық қабылдау бөлімшелері қатаң қадағаланады. Осы шаралар балық шаруашылығы субъектілерінің квотаны игеру мөлшерін 87,3 пайызға дейін арттыруға ықпал етті. Бұл - соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

«Өкінішке қарай, кей кооперативтер барлық аулаған балықтарын тіркемейтін болып шықты. Ол балық аулауға берілген лимиттің толық игерілмеуіне әкеліп, көлеңкелі нарықты ынталандырады. Қазір әрбір ресми балық аулау қайығы мен оны қабылдау бөлімшелерін бақылауда ұстап отырмыз. Табиғат пайдаланушылардың заңмен белгіленген тәртіпте тек рұқсат етілген балық түрлерін ғана аулауын да қадағалаймыз», - дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов. 

null 

Соңғы жаңалықтар