Атырауда соңғы 2 жылда 18 мың данадан астам психотропты дәрі тәркіленген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда соңғы 2 жылда 18 мың данадан астам психотропты дәрі тәркіленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраулық қоғам белсенділері әлеуметтік желіде психотропты дәрілерді сатуға байланысты алаңдаушылық білдіріп жатыр. Олар осыған байланысты жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныс білдіріп отыр.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары 2021 жылдан бері заңсыз айналымнан 18 мыңнан астам психотропты дәрі-дәрмектерді тәркіледі. Мәселен, сол жылы 9 адам ұсталып, олардан 5 135 дана трамадол, трапикомед дәрі-дәрмектері алынды. Ал, былтыр ұсталған 17 адамнан 7 800 дана трамадол, трапикомид, лирика дәрілері тәркіледі. Биылғы жыл басынан бері осындай құқық бұзушылық үшін 9 ұсталып олардан 3596 дана тарамадол, тропикамед, сомнол, алис дәрі-дәрмектері тәркіленді. Аталған деректерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) хаттамалар толтырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Психотропты дәрілердің заңсыз айналымымен айналысу дерегімен 6 мәрте ұсталған адам бар. Қазір күдікті 1974 жылғы әйелге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Бүгін, 23 наурызда әлеуметтік желіде психотропты дәрі сатып алуға байланысты видео жүктелді. Сараптама қорытындысымен видеодағы көліктің рульінде болған 1998 жылғы жүргізушінің есірткілік-уытқұмарлық мас күйде екені белгілі болды. Көлік жүргізушісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес хаттама толтырылып, әкімшілік қамауға алынды. Аталған мекен-жай бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Нигерия азаматы психотропты заттарды сақтағаны үшін 6 жылға сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар