Атырауда шекарашы өзіне пышақ салған күдіктіні тапаншамен атып жаралады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау шекара отрядының «Сазды» шекара заставасында күдікті адамды ұстау барысында шекарашылар қару қолдануға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының отрядына қарасты «Сазды» шекара заставасының аумағында застава бастығының орынбасары басқарған шекара жасағы қызметтік қаруын қолдана отырып белгісіз ер адамды ұстады», - делінген хабарламада.

Оқиға 2018 жылғы 10 қарашада болған. «Сазды» шекара заставасына жақын маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны қоңырау шалып мемлекетттік шекара сызығының маңынан күдікті адамды байқағандығын хабарлаған. Айтылған жерге тез арада шекара жасағы жіберілген.

«Бейтаныс адам, рюкзагының ішінде не бар екендігін көрсетуді талап еткен жасақ басшысына пышақ сілтеп, жаралаған. Өзін қорғау және күдіктіні қолға түсіру үшін шекара жасағының басшысы табельді қаруынан оқ атып, шабуыл жасаушыны құлатқан. Ұсталған адамға Қиғаш ауылының фельдшері алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткеннен кейін, әрі қарай шекара жасағы оны Құрманғазы аудандық емханасына медициналық көмек көрсету үшін алып кетті», - делінген хабарламада.

Жаралы офицердің жағдайы ауырлау болғандықтан, сол маңдағы ең жақын медициналық мекеме, Ресейдің Астрахань облысындағы Красный Яр елді мекенінінің ауруханасына жеткізіліп, ота жасалды. Қазіргі уақытта офицер сол емхананың хирургия бөлімінде. Жағдайы орташа деп бағалануда.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, болған оқиға туралы құқық қорғау органдары құлақтандырылды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар