Атырауда шекарашы ауыл тұрғынына не себепті оқ атқаны белгілі болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда ер адамды жарақаттаған шекарашы браконьерлерге көмекке келген адамдардың шабуылынан өзін қорғаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетейік, оқыс оқиға өткен күні кешке қала маңындағы Дамба ауылында болған. Шекарашылар өзендегі Каспий теңізі жақтан келген үш қайықты көрген. Ондағылар қайықтарын жағалауға байлап, қайықтағы балықтарды сол тұсқа таяп келген мотоцикльге тией бастаған. Шекарашылар браконьерлерді ұстамақ болып ұмтылғанда, оларға ауылдың тағы да 30 тұрғыны көмекке келген. Офицер ескерту үшін оқ атқан, бірақ шабуылдаушыларды тоқтату үшін бұл жеткілікті болмаған.

«Қорғаныс үшін офицер жерге қарай оқ атуға мәжбүр болған. Ауылдан адамдар келіп араласуын пайдаланған браконьерлер қайықтарына отырып, өзен бойымен жүзіп кеткен, мотоцикль де ізін суытқан. Кейіннен ауылдың аяғы жарақаттанған бір тұрғыны Атырау емханаларының біріне барған. Қазіргі кезде оның түнгі оқиғаларға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған, сондай-ақ әскери қызметкердің қаруды қолдануының заңдылығы да тексерілуде», - деп мәлімдеді Батыс өңірінің прокуроры Жанболат Аекенов.

Соңғы жаңалықтар