Атырауда шатыры ұшқан үйлердің шығынын арнайы комиссия есептейді

None
Фото: Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шатыры ұшқан үйлер тұрғындарының шығынын арнайы комиссия есептейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 15 шілдеде кешкі сағат 21:30 шамасында Атырау қаласындағы Талқайраң-2 ауылында 3 тұрғын үйдің шатыры ұшқан.

«Нөсер мен желдің салдарынан тұрғын үйлердің шатыры ұшып, электр бағанасы құлаған. Сол себептен, тұрғын үйлер электр жарығынан ажыратылды. Оқиға орнына округ әкімі, жауапты мекемелердің басшылары барды. Қалалық әкімдіктің тапсырмасына сай «Атырау Жарық» АҚ қызметкерлері электр энергиясын түнгі 3:30-да толығымен қалпына келтірді. Қолайсыз жағдайдан адам өміріне қауіп төнген дерек тіркелмеді. Ал 16 шілдеде Талқайраң-2 ауылына қала әкімі Шәкір Кейкін арнайы мамандармен бірге барып, мән-жаймен танысты. Шатыры ұшқан 3 тұрғын үй «Отбасы банкі» АҚ-да кепілдіктікте тұрды. Соған байланысты мәселені шешудің заң талаптарына сай оңтайлы жолы қарастырылып жатыр», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.


Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкіннің шешімімен арнайы комиссия құрылатын болды.

Табиғат құбылысынан бүлінген үш үйді қалпына келтіру мақсатында алдын ала техникалық тексеру жасау жоспарланды. Содан кейін шығын мөлшері анықталады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын қолайсыз ауа райынан Атырау облысының Жылыой ауданында жарық сөніп қалғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар