Атырауда шалғай ауыл тұрғындары вакцина бекетіне пойызбен тегін жеткізіліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау облысында шалғай елді мекен тұрғындарын вакцинамен қамту үшін пойызбен тегін тасымалдау қызметі қосылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстың шалғай ауылдарындағы жұртшылықты вакцинамен қамту үшін ҚТЖ-мен бірлескен жобаны қолға алдық. Ол бойынша шалғай елдімекен тұрғындары жақын маңдағы вакцина бекетіне пойызбен тегін жеткізіліп отыр», - деді Б. Хаменова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, әкім орынбасары халықты вакцина алуға ынталандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.

«Облыстық әкімдіктің қолдауымен «Азаматтық Альянс» үкіметтік емес ұйымы 30 маусымнан бастап вакцина алған тұрғындар арасында ақшалай ұтыс ойнату шарасы өтіп жатыр. Осы орайда жергілікті кәсіпкерлердің рөлін ерекше айтып өту керек», - дейді ол.

Спикер ұсынған статистикаға сүйенсек, облыста вакцина алған азаматтар арасында жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгеге ұтыс ойнатылған. Оның ішінде басты жүлдеге 10 миллион теңге тігілген.

Одан бөлек, екпе алған халық арасында 200 мың теңгенің 60 сертификаты, 1 млн теңгенің 6 және 3 млн теңге тұратын 2 сертификат ойнатылған.

Айта кетсек, бұған дейін Бақытгүл Хаменова өңірде дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасалғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, Атырау облысында 8 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан Ashyq жүйесіне қосылған.


Соңғы жаңалықтар