Атырауда Сенат төрағасының бұрынғы орынбасары өмірден өтті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Парламент Сенаты төрағасының бұрынғы орынбасары Қайрат Ищанов өмірден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайрат Қыдырбайұлы 1950 жылы 28 қыркүйекте Атырау қаласында дүниге келген. Қазақ политехника институтын «инженер-механик» мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 1968-1970 жылдары «Қызыл балық» кеңшарында балықшы, кеме механигі болып бастаған.

1986-1988 жылдары Құрманғазы атындағы кеңшардың басқарма төрағасы, 1988-1991 жылдары «Октябрьдің 70 жылдығы», «Қызыл балық» кеңшарларының басқарма төрағасы, 1991-1994 жылдары Балықшы аудандық атқару комитетінің төрағасы, атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Балықшы аудандық әкімшілігінің басшысы лауазымын атқарды.

Ал 1994-1999 жылдары Жамбыл атындағы кеңшардың басқарма төрағасы, 1999-2000 жылдары Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, 2000-2001 жылдары Атырау облысындағы Жамбыл атындағы өндірістік кооперативтің төрағасы, 2001-2005 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2005-2007 жылдары Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің III шақырылым депутаты, 2007-2012 жылдары Парламент Сенатының IV шақырылым депутаты, экономика, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі (2007-2012); Парламент Сенаты төрағасының орынбасары (2011-2016) лауазымын атқарды. Сенаторлар кеңесінің мүшесі болған.

«Құрмет» (2005), «Парасат» (2011), ІІ дәрежелі «Барыс» (2022) ордендерімен, үш медальмен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар