Атырауда сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесінің эскизі ұсынылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесін реконструкциялау эскизін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Музей директоры Рашида Харипованың мәліметінше, «Алтын әйел» сармат дәуірінде өмір сүрген. Жергілікті археологтар үш жыл бұрын Қызылқоға ауданындағы қорғандарды қазу кезінде алтын бұйымдарының бөлшектерін тапқан.

«Алғашқы зерттеулер барысында қорғанда сармат дәуіріндегі бай әйел жерленген деп топшыланды. Өйткені, қорғаннан алтын жапсырмалар, керамикалық ыдыстар, қола мен металдан жасалған жебе ұштары, ат әбзелдері, қабанның азу тісі, ыдыстардың аңдар фигурасы түріндегі құлағы секілді көне бұйымдар табылған еді. Ерекшелігі сол, алтын әшекейлер ауқатты қауымның өкілі саналған әйелге тиесілі болып тұр. Әшекейлер мен сүйектердің сақталған бөліктері негізінде осындай тоқтам жасадық» - дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.

Барлық көне жәдігерлер Алматыдағы ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына жіберілген. Мұнда «Алтын әйелдің» жасына, сондай-ақ, әшекейлердің химиялық құрамына зерттеу жүргізілген. Сондай-ақ, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жетекшілігімен «Остров Крым» ғылыми-реставрациялау зертханасында «алтын әйел» бейнесін реставрациялау мен эскизін жасау жұмыстары жүргізілген.

«Құнды жәдігерлердің құрамы мен салмағы анықталды. Кей әшекейлердің алтыннан жасалғаны 91 процентке дәлелденді. Зертханалық зерттеулерден кейін құнды жәдігерлер біздің эрамызға дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген әйелдің бұйымдары дей аламыз» - дейді Рашида Харипова.

Археологтар карантин аяқталғаннан кейін «Алтын әйелдің» бейнесін қалыпқа келтіруге дайындалуда. Ежелгі қорғандарды қазу қайта жалғаспақ. Ғалымдар сол кезде жұмбақ әйелдің толық бейнесін жасауға септігі тиетін қосымша жәдігерлер табылатынына үміттеніп отыр.



Соңғы жаңалықтар