Атырауда «San-Remo Saraishyq» атты итальяндық музыка фестивалі өтті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат -Атырауда өткен «San-Remo Saraishyq» атты итальяндық музыка фестивалін 2 мыңға жуық көрермен тамашалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Атырау қаласы әкімі баспасөз қызметінің xабарлауынша, кеше Сұлтан Бейбарыс атындағы алаңда Атырау музыкасының тарихында тұңғыш рет «San-Remo Saraishyq» фестивалі өтті. Концертті ұйымдастырушы - қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтарын әсем әнмен қуанту үшін Италияның «San Remo» халықаралық фестивалінен 8 әртіс келді. Олардың арасында әлемге әйгілі әртістер - танымал тенор Родольфо Мария Гордони, «San-Remo» фестивалінің тұрақты қатысушысы және композитор Исабео Биффи, сондай-ақ танымал халықаралық Alt @Moda тобы бар.

«Атырауға мен алғаш рет келдім. Қала тұрғындары мені және менің әріптестерімді қонақжай көңілмен, зор ілтипатпен қарсы алды. Біз танымал - Toto Cutunje, Adriano Celintano, Richie және Poveri, Pupo, Nada және басқа да итальяндық әртістердің әндерінен тұратын үлкен репертуарды алып келдік. Көрермендер өте жылы қарсы алып, бізбен бірге ән шырқады. Өте жақсы көңіл-күй сыйлады», - дейді әнші Исабео Биффи.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сюзанна», «Феличита» және кеңестік дәуірдің басқа да танымал әндері Атырау қаласының тұрғындары үшін, әсіресе, қарт адамдар үшін шынайы мереке болды.

«Осындай дәрежеде өткен фестиваль қаламыздың тарихында алғаш рет болып отыр. Бүгін шамамен екі мың көрермен әйгілі итальяндық әртістердің өнерін тамашалады. Екі елдің мәдениеті мен тілін байланыстыру - біздің басты мақсатымыз болатын. Осы мақсат жүзеге асты деп есептеймін. Ендігі кезекте Италия елінде Қазақстан эстрадасының концертін қойып, итальяндықтарды біздің мәдениетіміз және тілімізбен таныстырсақ, жақсы болар еді», - дейді Атырау қаласы мәдениет бөлімінің бас маманы Қарлығаш Құмарова.

Айта кетсек, «San-Remo» - танымал итальяндық ән байқауы. Әр жыл сайын ақпан айының ортасында Италияның солтүстік-батысындағы Сан-Ремо қаласында өткізіледі. Байқауда бұрын соңды көпшілік арасында орындалмаған италиялық композиторлардың әндері шырқалады. 

Соңғы жаңалықтар