Атырауда самокатпен көлікке соқтығысқан 2 жасөспірімнің бірі жансақтау бөліміне түсті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда самокатпен көлікке соқтығысқан 2 жасөспірімнің бірі жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы Атырау қаласында болған.

«Жергілікті уақытпен кешкі сағат 21:15 шамасында Әбілхайыр хан даңғылымен самокатпен келе жатқан 2013 және 2017 жылғы жасөспірімдер Hyundai Accent маркалы көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан 6 жасар жасөспірім зардап шекті. Дене жарақатын алған жасөспірім жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттарын жинақтап, Атырау қалалық полиция басқармасының анықтау бөліміне тапсырды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы республикалық жолдарда көлік апатынан 33 адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.

Патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметовтің дерегіне сүйенсек, Атырау облысындағы республикалық тас жолдарда 38 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көлік апатының салдарынан 33 адам мерт болды. Ал 57 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Кейін Атырау облысында КамАЗ-бен соқтығысқан жеңіл көліктің 3 жолаушысы мерт болғанын жазған едік.

Атырау-Индер тас жолының 123-шақырымы тұсында Toyota Camry мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан. Жол-көлік апатынан Toyota Camry көлігінің 3 жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Ал жеңіл көліктің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Қайтыс болғандар анасы мен 1 және 15 жастағы қыздары екені анықталды. Олар – Батыс Қазақстан облысының тұрғындары.


Соңғы жаңалықтар