Атырауда рұқсаты жоқ ұйым медициналық қалдықтарды жоюмен айналысқан

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда рұқсаты жоқ серіктестік медициналық қалдықтарды жоюмен айналысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы тиісті лицензиясыз медициналық қалдықтарды өңдеу және жою қызметін көрсету дерегін анықтады.

«Жаңа Экологиялық кодекстің және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның талаптарына сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге, оның ішінде қауіпті қалдықтарды қайта өңдеуге, залалсыздандыруға, кәдеге жаратуға және (немесе) жоюға лицензия талап етіледі. Алайда, «Атаким» ЖШС мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға сәйкес Атырау қаласының медициналық мекемелеріне тиісті рұқсат құжаты болмаса да медициналық қалдықтарды кәдеге жарату қызметін көрсетіп келген. Осыған байланысты прокурорлық ден қою шараларымен қаладағы 15 емхана, 2 оңалту орталығымен 22,4 млн теңгеге медициналық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған 19 шарт бұзылды. Бұған жауапты 14 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», -деп хабарлады табиғат қорғау прокуратурасынан.

Сондай-ақ, облыстық экология департаментіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463-бабымен (Тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік қызметпен айналысу) кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бағытында шаралар қабылдау,заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау перзентханаларында қызметтер бағасы негізсіз өсірілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар