Атырауда республикалық бюджеттен бөлінген 13 млрд 728 млн теңге қысқартылған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына республикалық бюджеттен бөлінген 13 млрд 728 млн теңге қысқартылған, деп хабарлайды ҚазАқапрат.

Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржының игерілуіне қатысты жиында белгілі болды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиеваның мәліметінше, республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің жоспарына түзету енгізілген. Жұмыс көлемінің толық орындалмауына байланысты 13 млрд 728 млн теңге қысқартылған.

«Биылғы жылдың қорытындысымен игерілмейтін республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер бар. Бұлар – Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендерінде газ құбыры желілерін салуға 500 млн теңге, Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайтуға 1 562 732 мың теңге, Атырау қаласының Талғайран ауылындағы тұрғын үйлердің инженерлік жүйелеріне 1 800 526 мың теңге, Индер ауданында тұрғын үйлердің инженерлік жүйелеріне 245 506 мың теңге», -деді Айгүл Әжіғалиева.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, бюджетті жоспарлауда кемшіліктер болған. Ал, жобаларды іске асыру кезінде тәртіп төмен деңгейде болып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы кешенді жоспар жасақталып, қаражат бөлінді. Алайда, жұмыстың жүргізілмеуіне байланысты бөлінген қаржыны кері қайтардық. Бұл – бізге сын. Ешкімді қорқытып жұмыс істетпейміз. Егер мердігер мекеме келісілген графиктен тыс қалса, заң аясында келісімшартты бұзу керек. Мемлекеттің қаражатын жымқырған мердігерлер заң алдында жауап беруі тиіс. Бірде-бір мемлекеттік қызметші оларды арашалаушы болмасын», -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда аудан әкімдігі үй құрылысы бітпесе де, мердігерге 330 млн теңгені аударып жібергенін, кейін Атырау облысында мектепті жөндеу кезінде 20 млн теңгенің жұмысы атқарылмаған жазған едік.


Соңғы жаңалықтар