Атырауда Ресеймен шекарадағы көлікпен өту орындарында қатаң санитарлық бақылау орнату керек - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау облысының Ресеймен шекарадағы автокөлікпен өту орындарында қатаң санитарлық-карантиндік бақылау орнату керек. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресеймен шекарада автокөлікпен өтетін бекеттің болуы өңірдің эпидемиологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде. Автокөліктер өтетін шекара бекетінде жауапты мекемелердің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, жұрт шекарадан автокөлікпен өтетін орындарға қатаң санитарлық-карантиндік бақылау орнатуды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті іссапарға шығатын санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарының қызметіне барлық жағдайды жасауды жүктеді.

«Қазіргі таңда әртүрлі штамдар пайда болып, кеселмен күрес қиындай түсті. Өкінішке қарай, қауіпті дерттің кесірінен ұлтқа берері көп танымал тұлғалардан да айырылып қалып жатырмыз. Бұл – бүкіл еліміз үшін орны толмас қайғы. Мемлекет үшін әр адамның өмірі қымбат. Сондықтан, барша жұртты жауапкершілік танытуға, сақ болуға шақырамын. Коронавирусты жеңудің ең тиімді жолы – вакцина салу екенін үнемі айтып келемін. Біз қазір халықтың жаппай вакцина алуын ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жұмыста ірі кәсіпорындар басты назарда болуға тиіс. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге айрықша мән беріңіздер», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Атырау облысындағы тағы бір мәселеге, өңірдегі денсаулық сақтау нысандарының ескіргендігіне баса назар аударды.

«Үкімет әкімдікпен бірлесіп, көпбейінді аурухана, психикалық денсаулық орталығын және заманауи қалалық емханалар салу мәселесін шешуі керек. Айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталығын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Мектеп түлектері дәрігер мамандығы бойынша білім алуы үшін грант санын көбейту қажет. Сонымен бірге, өңірде медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау керек. Қоғам өкілдері бірнеше жылдан бері облыс орталығында спортқа ерекше қабілеті бар дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салу мәселесін көтеріп жүр. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп бұл мәселені де қарастыруды тапсырамын», - деді ҚР Президенті.


Соңғы жаңалықтар