Атырауда ПТР тест нәтижелері кешіктіріліп жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ПТР тест нәтижелері кешіктіріліп жатыр. Оның себебін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаева түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гүлнафис Таңбаеваның мәлім етуінше, наурыз айынан бері COVID-19 инфекциясын анықтау үшін аймақта 20 238-нан аса тест сынамасы алынған.

«Бүгінге дейін Атырау облысына 29 620 ПТР тест алынды. Коронавирус инфекциясын анықтау үшін 20 238 рет тест жасалды. Қазіргі уақытта тестілеу нәтижесінің мерзімі кешіктіріліп жатқаны туралы шағымдар көптеп түсуде. Осы орайда, азаматтарға зертханаларда алынған барлық сынамаларды өңдеуге уақыттың тапшы екенін айтқым келеді. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеуде. Өкінішке орай, Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің 90 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырып, қазір олар тиісті ем қабылдауда. Барлығының да отбасы, қарт ата-анасы, туыстары бар. Сондықтан, тұрғындардан болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарауын сұраймын», - деді Гүлнафис Таңбаева.

Оның айтуынша, кеше ТШО компаниясы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы ПТР аппаратын Каспий медициналық жеке клиникасының балансына беру туралы келісім жасасты. Зертхананың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылғаннан кейін, жуық арада емханадан коронавирусқа тест тапсырып, нәтижесін алуға болады. Ал, қазіргі уақытта ПТР сынамаларын өңдеумен «Invivo» медициналық зертханасы айналысып жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Ұлттық сараптама орталығы филиалының директоры мен 13 қызметкері коронавирус жұқтырды.



Соңғы жаңалықтар