Атырауда провизорлық стационарға 20 спорт дәрігері көмекке келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы провизорлық стационарға 20 спорт дәрігері көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық аурухана жанындағы провизорлық стационарға көмекке келген облыстық спорт басқармасының 20 медицина маманы және қаланың ерікті жастарымен кездесу өткізді.

Қазір өңірде 278 медицина маманы жетіспейді. Жылдар бойы шешімін таппаған бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті әкімдік шұғыл шешімдер қабылдауда. Енді міне, Атырау облысының 20 спорт дәрігері бұдан былай қауіпті індетпен күреске жұмылдырылады.

«Қауіпті аймақта қолдан келетін көмекті көрсетіп жүрсіздер. Кислородты балон тасымалдау оңай жұмыс емес. Қазір адамдар ыстықтан қиналып жүрген кезде сіздер осындай ауыр еңбекті атқарып жатырсыздар. Биыл елімізде волонтерлер жылы болып жарияланды. Сіздердің көмектеріңіз дәл уақытында жасалуда. Ел үшін, жұрт үшін, Атырау өңірінің тұрғындары үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз - үлкен көмек. Бір-бірімізге жәрдемдесу, көмектесу арқылы бұл індетті де жеңеміз», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.


Екі аптадан астам уақыттан бері көмек көрсетіп жүрген волонтер Мира Есниязова бастапқыда сыртқы жұмыстарды жасауға ғана ниеттенгенін айтады.

«Қауіпті аймаққа кіреміз деген ой болған жоқ. Бірақ, науқастарға оттегі балоны керектігін естідік. Жігіттеріміз қорғаныс киімдерін киіп, провизорлық орталыққа кіріп кетті. Кейін біз де атсалыса бастадық. Қазір ел үшін қиын кезеңде қарап отыра алмаймыз. Бірлесу арқылы, бір-бірімізге көмек жасау арқылы қиындықты еңсеретінімізге сенемін» дейді ол.


Еріктілер жұмысының ауқымды бөлігін облыс әкімдігіне қарасты Азаматтық орталық үйлестіріп отырады.

Бұған дейін Атырауға Ресейдің Астрахан облысынан бес дәрігер келген еді.


Соңғы жаңалықтар