Атырауда полиция подполковнигі мен майорының жемқорлықтары әшкереленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау қаласының ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары және осы басқарманың көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталды. Сондай-ақ Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы мәжбүрлі өндіру бөлімінің басшысы да құрықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шенеуніктердің ұсталғаны туралы мәлімет Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Фейсбук парақшасында жарияланып отыр. Белгілі болғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі және осы басқарманың көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

«Күдіктілер шетел азаматтарына жұмыс істеуге рұқсаттаманы кедергісіз және жылдам беру үшін осы жылдың мамыр-тамыз айларында жүйелі негізде пара алып отырған. Кедергісіз және жылдам тіркеу және еңбек етуге рұқсаттама беру үшін Өзбекстан Республикасының азаматтарынан ақша қаражаты және тауарлық-материалдық құндылықтар түрінде алынған параның жалпы сомасы 213 мың теңгені құраған» делінген жазбада.

Тінту барысында 80-нен астам шетел азаматының паспорты және 600 мың теңге сомасындағы ақша қаражаты табылды. Қазіргі таңда олардың пайда болу заңдылығы және қылмыстық іс материалдарына қатысы анықталуда. Күдіктілер пара алу фактілерін толық мойындауына байланысты қамауға алынбаған.

ІІБ қызметкерлерімен бірге, Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы Мәжбүрлі өндіру бөлімінің басшысына да қатысты тергеу басталды. Ол кәсіпкерлерден анықталған салықтық бұзушылықтарды көрсетпей, кәсіпкерлік қызметті заңсыз тоқтату үшін ақша бопсалау арқылы жүйелі түрде парақорлықпен айналысты деп күдікке ілініп отыр. 



«Жүргізілген жасырын тергеу іс-әрекеттері нәтижесінде 6 қыркүйек күні сағат 14.30-да Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлімі басшысы салық берешегінің бар екендігі туралы ескертуді көрсетпеу, жеке кәсіпкер қызметін тоқтату, шотты жаппау және шағын бизнес қызметіне жалпы қамқорлық жасау үшін жеке кәсіпкерден 60 мың теңге көлемінде пара алу үстінде әшкереленді. Сол күні бірінші параны алғаннан кейін небары 10 минут өткен соң сағат 14.40-та күдікті жеке кәсіпкер өкілінен бопсалаушылық арқылы 10 мың теңге көлемінде пара алған. Күдікті пара алу фактілерін толығымен мойындады» делінген хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар