Атырауда полиция инспекторы қызметтегі әрекетсіздігі үшін 3 жылға сотталды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда полиция инспекторы қызметтегі әрекетсіздігі үшін 3 жылға сотталды. Ол құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан өмір бойына және капитан шенінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының №2 сотында ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк үшін айыпталған ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмаған істер жөніндегі учаскелік полиция инспекторына қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабының 4-бөлігі, 1-тармағымен айып тағылған.

«Азамат Н. полицияға өзінің бұрынғы жұбайының азаматтық некедегі жолдасы Қ.-ға қатысты арыз түсірген. Арызда Қ. азамат Н.-ның балаларын ұрғанын айтқан. Кейін осы арыз бойынша азамат Н. және оның кәмелетке толмаған баласы, жұбайының азаматтық некедегі жолдасы Қ. полиция учаскесіне шақыртылған. Сол жерде азамат Н. мен оның кәмелет жасына толмаған баласы азамат Қ.-ның үйінде тапанша қаруын оқ-дәрісімен бірге сақтап жүргенін айтқан. Алайда, учаскелік полиция инспекторы К.Р. қызметтік міндетін адал атқармай, қару сақтау дерегі жөнінде хабарламаға немқұрайлықпен қараған. Сөйтіп, ешқандай әрекет жасамай, өзінің жұмысын жеңілдету мақсатында қызметтік әрекетсіздік танытқан», -деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Учаскелік полиция инспекторының әрекетсіздігінің нәтижесінде Қ. өзінің тапанша қаруын заңсыз сақтап жүргені үшін жауапкершілікке тартылмайтынын сезінген. Ол сол күні түнгі сағат 22:30 шамасында Атырау қаласының Авангард-3 шағын ауданында заңсыз сақтап жүрген қаруымен азаматтарға бірнеше мәрте оқ атқан. Осының салдарынан К., З. және И. есін жимастан оқиға орнында көз жұмған. Ал Н. ауыр дене жарақаттарымен Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Қазір бұл оқиғаға қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Сотталушы полиция инспекторы К.Р.-дың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, бейнежазбалармен дәлелін тауып отыр.

Осы іске байланысты прокурор сотталушы К.Р.-ды өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан, арнайы шенінен айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды ұсынған. Бірақ, сотталушы мен оның қорғаушысы тағылған айыппен келіспей, ақтауды сұраған.

«Сот К.Р.-дың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде асырауында жас балаларының барын ескерді. Сотталушының қабылдаған антты бұзуы жазаны ауырлататын жағдай деп танылды. Сот үкімімен К.Р.-ға өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Полиция капитаны шенінен айырылды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ұрлыққа күдіктіні ұрып-соққан екі полицей сотталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар