Атырауда полицейлер өртенген үйден 3 жасөспірімді шығарды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері өртенген үйден 3 жасөспірімді шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін Мақат кентінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үй өртенген.

Мақат аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айымбек Қазбеков, аға учаскелік полиция инспекторы Тойғожа Азбергенов пен учаскелік полиция инспекторы Сәкен Қазтұрғанов оқиға орнына жедел жеткен. Полицейлер 2-қабаттағы пәтердің терезесін сындырып, ішіне кірген. Сөйтіп, түтін тұмшалаған пәтерден 3 жасөспірімді қауіпсіз жерге эвакуациялаған.

«Өртті сөндіру көп уақыт алуы мүмкін. Сол кезде түтін үстінгі қабатқа жайылатыны даусыз. Сондықтан, үстінгі қабаттағы пәтерлерде тұрғындардың қалмағанын қадағалау қажеттігін түсіндік. Уақытты өткізбеу үшін барынша жедел әрекет еттік. Бұл – ерлік емес. Біз қызмет бабындағы міндетімізді атқарып, өрт ортасында қалған жандарға көмек беру үшін келдік», -деді Айымбек Қазбеков.

Департаменттің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, дәл осындай оқиға 18 ақпанда Атырау қаласында да тіркелген.

Таңғы сағат 05:00 шамасында патрульдік полиция батальонының жаяу патрульдеу бекетінің қызметкерлері, полиция аға лейтенанты Әлібек Амандық пен Асылхан Бегімов көпқабатты үйде орналасқан дүкеннің өртенгенін байқаған. Өрт туралы жедел басқару орталығына хабарлап, өздері жалын шарпыған үйден тұрғындарды жедел шығаруға кіріскен.

«Әкімшілік аумақты жаяу патрульдеу кезінде дүкен ішінен өрт шығып жатқанын байқадық. Рота командирі Дәурен Шоқпутов пен взвод командирі Сүйінішбек Тасимовке хабарладық. Содан кейін тұрғындарды оятып, қауіпсіз жерге эвакуацияладық. Бұл – біздің қызметтік міндетіміз. Өрттен тұрғындар зардап шеккен жоқ», - дейді Әлібек Амандық.


Соңғы жаңалықтар