Атырауда полицейден қашқан ұры қоқыс контейнерінде жасырынған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда көлік ұрлаған ер адам полицейлерден қашып бара жатып, қоқыс контейнеріне жасырынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«5 желтоқсан күні, шамамен сағат 20:00-де 49 жастағы әйел «102» арнасына хабарласып, бес минут бұрын үйінің алдында оталып тұрған Nissan Almera автокөлігін белгісіз адам айдап әкеткенін айтты. Аталған хабарлама бойынша тәртіп сақшылары «Сергек» видеобақылау жүйесі арқылы автокөліктің Алиев көпіріне бағыт алып бара жатқанын анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді.

Оқиға орнына жедел жеткен Батыс-15 қызметкерлері көлікті Махамбет – Сатыбалдиев көшелерінің қиылысында тоқтатқан кезде күдікті полиция қызметкерлеріне бағынбай, автокөлікпен қашып жөнелді. Бұнымен қоса, күдікті жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шығып, жол-көлік апатын жасады», - деді полициядан.

Ер адам бұдан әрі көлікті тастай сала қашып, жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тығылған. Ұсынылған видео кадрында көрініп тұрғандай, ұры контейнерге секіріп кіру кезінде маңайында жолшыбай адамдар жүргенін елемеген.

«Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Тексеру барысында 34 жастағы азамат «көлік ұрысы» және «қалта ұрысы» ретінде тізімде тұрғаны анықталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, ұсталған азамат жедел-тергеу тобына тапсырылды», - деп нақтылады полициядан.

Фото: polisia.kz



Соңғы жаңалықтар