Атырауда полицей суға батқан қызды құтқарды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда полиция сержанты қызды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 шілде сағат 23.30 шамасында Жайық жағалауында қызмет атқарып жүрген полиция лейтенанты Нұржан Әбенов пен полиция сержанты Ілияс Алтынбекұлына жағалаудағы адамдардың бірі «Атырау» ДШСК маңындағы өзеннің жағасында ұзақ уақыттан бері бір қыз баланың жылап тұрғанын айтты.

Жаяу патруль ойланбастан көрсетілген тұсқа бағыт алды. Полицейлер оқиға орнына жеткенде қыз баланың суда тұрғанын көрді.

«Көңілін аулау үшін суда не істеп тұрғанын сұрадым. Бізді байқаған ол судың ортасына қарай жылжи бастады. Біз жағаға жүгіріп келгенше қыз өзеннің белуардан келетін тұсына дейін жетіп қалды. Полиция сержанты Ілияс Алтынбекұыл аяқ киімін шешіп, шалбарының балағын қайырды да, киімшең суға түсті. Қыз дауысын шығарып айқайлай бастады, алайда тоқтаған жоқ. Әріптесіме көмектесіп, екеулеп қызды жағаға шығардық. Жол-патруль полициясы шақыртылып, азаматша қалалық полиция басқармасына жеткізілді», - дейді Атырау қалалық полиция басқармасы ЖПҚ қызмет инспекторы Нұржан Әбенов.

Осы кезде оқиға куәгерлері Лаура Серікова мен достары үйге қайтып келе жатқан. Ол полиция қызметкерлерінің жағалау қоршауынан секіріп, суға түсіп бара жатқанын көрген.

«Алғашында ештеңе түсінбедік. Бәрі тез болды. Полицейлер қызды жағаға алып шыққан кезде ғана жағдай түсінікті болды. Полицейлер жедел әрекет етті, жарайсыңдар», - деп полицейлерге ризашылығын білдірді ол.

Құтқарылған азаматшаға психологиялық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.

Атыраулық полицейлер суға батқан адамдарды құтқару, суицидке бекінгендерді райынан қайтару, өртеніп жатқан пәтерлерден азаматтарды алып шығу әрекеттерімен көзге түсіп келеді. Соңғы 2 жылда полицейлер 11 адамды ажалдан арашалап қалған.

Айта кетелік, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері елеусіз қалмады. 8 тәртіп сақшысы -«Ерлігі үшін» медалін, үшеуі «Айбын» орденін иеленді.
Соңғы ерлік қала тұрғынын судан құтқару кезінде өз өмірін қиған Шалқар Ақымғалиевке тиесілі болатын.

Соңғы жаңалықтар