Атырауда «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған «Парасатты отбасы» облыстық байқауы үшінші рет өткізілді. Онлайн және оффлайн түрде өткен байқауға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті мен облыстық ішкі саясат басқармасы қолдау білдірген.

«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың басты іргетасы – отбасы. Азаматтық қоғамды құрудың қозғаушы күші болып табылатын отбасылық қарым-қатынастар арқылы адал еңбекке, сыйластыққа, парасаттылыққа қол жеткізуге болады. «Парасатты отбасы» байқауын өткізудегі мақсатымыз – отбасы институтын қалыптастыруда адалдық пен парасаттылықты нығайту, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұғымын қалыптастыру» -дейді департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт.

Байқауға қатысушы отбасылар бірінші кезеңде «Отбасымның бір күндік тірлігі» тақырыбында бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады. Екінші кезеңде 7 отбасы адалдық, адамгершілік, парасаттылық мақал-мәтелдер айтудан жарысып, сыбайлас жемқорлық әрекеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары жөнінде сұрақтарға жауап берді.

Комиссия мүшелерінің ұйғаруымен Индер ауданынан келген Мұсағалиевтер әулеті «Парасатты отбасы» атанды. Ал, Атырау қаласынан қатысқан Иганбердиевтер мен Құрмашевтар отбасына «Белсенді», «Өнегелі» аталымы берілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ерлі-зайыпты теміржолшының әулеті «Мерейлі отбасы» конкурсында жеңімпаз атанған болатын.


Соңғы жаңалықтар