Атырауда параға бекіре ұсынған азамат 25 айға сотталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда пробация қызметінің инспекторына пара ретінде бекіре тұқымдас балық бермек болған азамат 2 жыл 1 айға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, былтыр Исатай аудандық сотының үкімімен 32 жастағы азамат Қылмыстық Кодекстің 190-бабымен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған еді.

Соған байланысты сотталған азамат айына 2 рет пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруы тиіс болатын. Алайда, бұл талапты орындамаған.

«Сот үкімімен тағайындалған мәжбүрлі еңбекті орындауға қасақана шықпады. Атырау қаласындағы мекен-жайын тексерген кезде, сотталған азамат үйінде болмады. Кейін сотталған азаматқа жазасын өтеуден қасақана жалтарғаны үшін «ескерту» берілген», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осындай заңбұзушылықтан соң өзінің түрмеге қамалуы мүмкін екенін түсінген сотталған азамат пробация қызметкеріне пара беруге оқталған.

Арам ойын жүзеге асыру мақсатында бекіре тұқымдас балық сатып алып, пробация қызметкеріне бермек болған кезде ұсталды.

«Пробация қызметкерінің инспекторы сотталған азаматтың арам ойын басшылыққа хабарлады. Осылайша, департамент қызметкерлері жемқорлық дерегіне нөлдік төзіммен қарайтын тағы бір мәрте дәлелдеді», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Сот үкімімен кінәлі азамат ҚР Қылмыстық Кодексінің 367-бабымен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жаза өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі болып белгіленлі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жеңгетайлықпен айналысқан әйел түрмеге қамалғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар