Атырауда өзге мектепке ауысқан оқушылар сабақты 35 минуттан оқиды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда №30 мектеп-гимназияның 2075 оқушысы білімін жалғастыру үшін уақытша №20 мектеп пен колледж ғимараттарына ауыстырылды. Бастауыш сыныптың оқушылары сабақты 35 минуттан оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай шешім №30 мектеп-гимназияның төбесінен судың ағуынан қабылданып отыр. Соның салдарынан төбедегі гипсакартон жапсырмалары түсіп қалған.

Атырау облыстық Білім басқармасының мәліметінше, бұл мектептің оқушыларын басқа білім ордаларында оқыту мәселесі түгелдей оң шешімін тапқан.

«Қазақ және орыс тілдерінде оқитын 1-4 сыныптардағы 884 оқушыны «Тұрғын үй қалашығы» шағынауданындағы №20 мектеп-лицейге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Басқа сыныптардағы оқушыларды да басқа білім ордасына орналастыру мәселесі шешімін тапты. Мәселен, 5-11 қазақ сыныптарының оқушылары Энергетика және құрылыс колледжінің ғимаратына оқуға ауысады. Ал 5-11 орыс сыныптарының оқушылары Көлік және коммуникация колледжінде оқитын болады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Бұл колледждердің ғимараттары «Авангард» шағынауданындағы №30 мектеп-гимназияға жақын орналасқан. Ал №20 мектепте оқуға ауыстырылған бастауыш сыныптардың оқушыларына арналған сабақ кестесі түзіліп жатыр.

Оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі шешімін табады. Мектепте оқу үш ауысымда жүргізіліп, сабақтар 35 минутқа дейін қысқарады.

Жобаға сәйкес №20 мектептің ғимараты 1604 оқушыға есептелген. Қазір мұнда 2488 оқушы білім алып жүр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда төбесінен су аққан мектептің оқушылары өзге білім ордасына ауыстырылатынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар