Атырауда өткен халықаралық айтыстың жеңімпаздары белгілі болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Атырау қаласында Көрісу күніне арналған «Ұлы даланың ұлағаты» атты халықаралық айтыста батысқазақстандық қос ақын жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы жыр додасына Қазақстан өңірлері мен Қытай, Моңғолиядан барлығы 20 ақын қатысып, бақ сынады.
Белгілі ақын, халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман жүргізген айтыс қорытындысында қарағандылық Дидар Қамиев бас жүлдені жеңіп алды.

Батыс Қазақстан облысынан барған Талғат Мықи бірінші, Жансая Мусина екінші орынға ие болды. Сондай-ақ атыраулық Шалқарбай Ізбасаров екінші, астаналық Мейірбек Сұлтанхан, шымкенттік Қалижан Білдәш, Моңғолиядан келген Ерлан Дәулет үшінші жүлдені еншіледі.

Рүстем Қайыртай, Өнербек Дәулекенов, Жәнібек Садыров, Серікбол Панабердиев, Ержан Әмір арнайы сыйлықты иеленді. Қытайдан келген Гүлжан Ықылас Асанәлі Әшімов қорының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Тағы бір батысқазақстандық ақын Бауыржан Ширмединұлы ынталандыру сыйлығына ие болды.

«Қазақстанның батыс өңірінде кеңінен аталып өтілетін Көрісу күніне арналған айтыс деңгейі жоғары болды. Алғашқы күні Гүлжан Ықыласпен сахнаға шықсам, екінші күні атыраулық Шалқарбай Ізбасаровпен сөз қағыстырдым. Жансая Мусина қызылордалық Ержан Әмірмен, сосын атыраулық Өнербек Дәулекеновпен айтысты», деді ҚазАқпарат тілшісіне Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкері, жазба ақындығымен де танылып үлгерген Талғат Мықи.

Соңғы жаңалықтар