Атырауда өртенген үйден 51 адам эвакуацияланды

None
Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда өртенген үйден 51 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 20 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, өрт бүгін, 30 мамырда тұтанған. Бұл туралы жергілікті уақытпен сағат 10:35-те хабар түскен.
«Атырау қаласындағы С. Датов көшесінде орналасқан 6 қабатты үйдің балконынан түтін шыққан. Шақырту орнына санаулы минутта жеткен өрт сөндірушілер бесінші қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттардың жанғанын анықтады. Департамент қызметкерлерінің күшімен 7 адам, оның ішінде 5 бала автосаты арқылы 5 және 6-қабаттан қауіпсіз жерге шығарылды. Тұрғын үй дәлізіндегі баспалдақ арқылы 44 адам, оның ішінде 15 бала эвакуацияланды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жалын салдарынан 30 шаршы метр аумақта тұрмыстық заттар жанған. Өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде 30 минут ішінде адамдар құтқарылып, өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Жалынды сөндіруге Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінен 12 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 15 қабатты үйдің дәлізінен өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар