Атырауда өртенген үйден 25 адам эвакуацияланды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда өртенген үйден 20-ға жуық ересек адам мен 5 жасөспірім эвакуацияланды. Бір жасөспірім көмірқышқыл газына уланып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау қаласының «Авангард-4» шағын ауданында орналасқан 5 қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Жалын 4-қабаттағы пәтердің 15 шаршы метрлік жатын бөлмесін шарпыған. Өрт сөндірушілер кіреберіс дәліз баспалдағы арқылы 4 жасөспірімді құтқарды. Оның ішінде 2003 жылғы жасөспірім көмірқышқыл газына уланып қалған. Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан.

Ал, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция аға лейтенанттары Әділет Қаматай мен Салауат Уахитов өрт шыққан үйден 20-ға жуық ересек адам мен 5 жасөспірімді эвакуациялауға көмектескен.

«Көпқабатты тұрғын үйден түтін шыққанын байқап, жедел түрде жоғары қабатқа көтерілдік. Мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіз жерге шығуына көмектесу. Сол кезде 4-қабатта ес-түссіз жатқан әйелді далаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеттік», - дейді полиция аға лейтенанты Әділет Қаматай.

Өртті сөндіруге ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 12 қызметкер мен 3 техника тартылды.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кен орнында жарылыс болып, екі адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар