Атырауда өртенген қонақүйдегі балаларды құтқарған жігіттің есімі белгілі болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласында өртке оранған қонақүйдегі балаларды құтқарған жігіттің аты-жөні анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен өртенген «Райхан» мейрамханасының бірінші қабатында орналасқан дәмхана қызметкері сыртқа жүгіріп шықанда, көшеде жүргенмін. Ол қонақүйден өрт шыққанын хабарлап, баспалдақ сұрады. Мұны біздің күзетшіміз Нұркен Дүйсенбаев та естіді. Мен қарап үлгергенше, ол қонақүйге қарай жүгірді. Нұркен - бізде жұмыс істтейтін ЖОО студенті. Бірақ біз оның кез-келген уақытта көмек қолын созуға дайын тұратын азамат екенін білетінбіз. Арқа сүйеуге тұрарлық жігіт. Ол келгеннен кейін, қолын жарақаттап алғанын байқадық. Терезені сындырмақ болғанда кесіп алғанын айтты. Жедел жәрдем шақыртудан бас тартты. Үйіне қайта беруге рұқсат еткенімізбен одан да бас тартып, таңғы сағат 5-ке дейін кезекшілігін атқарды. Және балаларды қалай құтқарғаны туралы да тіс жарып айтпады. Мен бүгін барлығын әлеуметтік желілер арқылы білдім», - деді «Башня» мейрамханасының әкімшісі Гауһар Жананова.

Оқыс оқиға кезінде алты адам зардап шеккен.

«Өртенген қонақүйге 4 жедел жәрдем бригадасы аттандырылды. Үш адамға сол жерде көмек көрсетілді, олар денелерін аздап ауыртып алған, тырналған. Үшеуі уланды деген күдікпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Оның екеуі бала, біреу әйел адам», - деді облыстық жедел жәрдем стансасының басшысы Ерлан Сүйеуғалиев.

Еске сала кетсек, 16 маусым күні түнде Атыраудың М.Әуезов көшесіндегі «Райхан» қонақүйі өртенген. Өрт ғимараттың астыңғы қабатында орналасқан саунадан шыққан. Оқиға орнында өрт сөндірушілер 3 баланы құтқарған. Оған дейін сол маңдағы адамдар жанып жатқан ғимараттан 29 бала мен екі ересек адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.

Облыстық ТЖД іштегілерді құтқаруға кіріскен бірнеше жас жігіттің аты-жөндерін анықтап жатқанын мәлім етті. Әлеуметтік желіде таралған куәгерлердің жазбасында «Башня» мейрамханасының күзетшісі ең бірінші көмекке ұмтылып, ерекше көзге түскені жөнінде айтылған болатын.

Авторы А.Соколов

Соңғы жаңалықтар