Атырауда орта мектептің директорынан туберкулез дерті анықталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда орта мектептің директорынан туберкулез дерті анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық білім бөлімінің мәліметіне қарағанда, бұл туралы кеше, 18 қаңтарда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінен анықтама келген.

«Қазір туберкулез дертіне шалдыққан мектеп директоры денсаулығына байланысты жұмысынан шеттетілді. Мектеп директорымен жұмыс бабында қарым-қатынаста болған қызметкерлер медициналық тексеруден өткізіледі. Мектеп ғимаратына тиісті санитариялық іс-шаралары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады Атырау қалалық білім бөлімінен.

Атырау облысының оқушылары 200 мектепте дәріс алады. Оның ішінде 199 мемлекеттік, 11 жеке меншік, қазақ тілінде 138, орыс тілінде 4, аралас 58 мектеп пен 1 кешкі-ауысымдық бөлімше бар.

Демографиялық көрсеткіштің қарқынды өсуінің нәтижесінде білім алушылар контингентінің өсімі байқалып отыр. Мәселен, 2015 жылы 109 392 оқушы білім алса, қазір оның саны 143 481-ге жеткен.

Ал, өткен оқу жылында Атырау мектептерінде зейнеттегі 253 мұғалім жұмыс істеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында былтырғы 8 айда 270 адам туберкулез дертін жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Зульфия Қайреденованың мәліметінше, былтырғы 8 айда Атырау облысында туберкулезбен жаңадан ауырған 271 науқас тіркелген. Ал, балалар арасында туберкулезбен ауырғандар 7 жағдайға көбейді. Қазір жасөспірімдер арасында 21 науқас анықталған.


Соңғы жаңалықтар