Атырауда өнер академиясының педагогтары үйлердің қабырғасына сурет салады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда академия педагогтары көпқабатты үйлердің қабырғаларына street-art суреттерін салуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының бейнелеу өнері және дизайн пәні оқытушылары қаладағы тұрғын үйлердің қабырғаларына сурет салу идеясын шаһар басшысы Алимұхаммед Құттұмұратұлына айтқан. Өз кезегінде қала әкімі бұған қолдау көрсеткен, жобаны қаржыландыруға ниетті демеушілер де табылған.

«Алдымен, облыс орталығының Балықшы ықшамауданындағы тұрғын үйдің қабырғасына Жайық өзеніндегі суасты әлемінің суретін салдық. Биыл Махамбет Өтемісұлының портретін салдық. Қазір Жастар жылына қатысты суреттерді ойластырып жатырмыз», - дейді суретші Мейірбек Жағыпашев.

Оқытушылар Авангард, Нұрсая, Вокзалмаңы, Балықшы ықшамаудандарындағы үйлерге Құрманғазы, Дина, Бейбарыс секілді тұлғалардың street-art суреттерін салуды жоспарлап отырғандарын айтады. Жоба авторлары қолдау көрсеткісі келетін демеушілерді серіктестікке шақырады. Суреттерді салуға түрлі-түсті баллондар қолданылады. Бір жұмысты аяқтауға шамамен 10 күн кетеді.

«Баллондағы бояулар суға төзімді, егер үй қабырғасы сенімді, ақауы жоқ болса, сурет те ұзақ уақыт тұрады. Бір суретке 100 баллон кетеді. Желсіз, ашық күндері жұмыс істеуге тырысамыз», - дейді суретші Мирас Жанғожиев.

Айта кетейік, Атыраудағы үйлерге сән беріп тұрған суреттерге тұрғындардың да көзқарастары жақсы. Суретшілер жұмыс қиын болса да, оң нәтижеге және тұрғындардың ықыластарына ие болғаннан кейін жаңа бейнелер жасауға қуана кірісетіндерін айтады.

«Графит дейміз бе, көркем сурет дейміз бе, бастысы осы жарқын бейнелер Атырауға әсемдік пен жақсы көңіл-күй сыйлағанына сенімдіміз», - дейді суретші Асылбек Бақтияр.

null

Соңғы жаңалықтар