Атырауда облыстық аурухана карантиннен ашылып, жұмысын бастады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда облыстық аурухана карантиннен ашылып, қалыпты жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай режимін қалыптастыру жөніндегі шұғыл штабтың хабарлауынша, карантин аяқталғаннан кейінгі алғашқы күні 160 медициналық қызметкер жұмысқа шықты. Олардың барлығында коронавирус инфекциясына қайта тапсырылған тест нәтижелері расталмады.

Қазір ауруханада жеті бөлім мен реанимация жұмыс істеп жатыр. Аурухана толықтай дезинфекцияланды. Дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілген.

«Біз енді ашылып жатырмыз. Дәрігерлер кезең- кезеңімен жұмысқа тартылады. Қызметкерлермен психолог жұмыс істеді. Заңгерлер еңбекақы төлеу және жұмыс уақытына байланысты мәселелерді талқылауда. Мұның барлығы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен заңды негізде жүзеге асуда»,- деді облыстық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бауыржан Ахметқалиев.

Қазіргі таңда облыстық аурухана емделушілерді шұғыл жағдайда ғана қабылдауда. Жоспарлы операциялар уақыты кейіне шегерілді. Қабылдау бөлім провизорлық және таза аумақ болып екіге бөлінді. Бірінші аумақта Covid-19 инфекциясының айқын белгілері бар емделушілер қабылданады. Таза аумақта басқа науқастар жатқызылады.

«Ауруханадағы санитарлық және эпидемиологиялық қорғаныс шаралары күшейтілді. Бұған дейін аурухананың аймақтағы коронавирустың таралу ошағына айналуы біз үшін үлкен сабақ болды. Қателіктерден сабақ алынды. Енді біздің дәрігерлеріміз ең алдымен өздерін максималды түрде қорғау арқылы, мыңдаған науқастың денсаулығын сақтай аларына сенімді» - деді Бауыржан Ахметқалиев.


Соңғы жаңалықтар