Атырауда Ноғайты өзені тасып ауылдағы көпірді су шайып кетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Қызылқоға ауданында Ноғайты өзені тасып, қарғын су Сағыз елді мекенінің маңындағы көпірді шайып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сағыз елді мекені облыс орталығынан 274 шақырымда орналасқан. Осы ауылдың ішімен Ноғайты өзені, ал 1 шақырым қашықта «Ақтөбе-Атырау» республикалық маңызы бар тас жолы өтеді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 25 наурызда Ақтөбе облысынан бастау алатын Ноғайты өзенінде су деңгейі толасыз жауған нөсердің салдарынан көтерілген. Өзен арнасы толып, «Ақтөбе-Атырау» жолының 341-ші шақырымындағы көпірді су басқан.

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің мердігері «Шанхай Констракшн Групп КОО ЛТД» ЖШС-нан 3 самосвал, 2 жүк тиегіш, 1 экскаватор жіберіліп, уақытша салынған айналма көпірге 100 тонна топырақ, 160 тонна қиыршық тас төгілді. Көпірге келетін су екі жағынан бөгелді. Қазір бұзылған көпірді қалпына келтіру жалғасып жатыр. Сағыз елді мекеніндегі 1 329 үйді су басу қаупі төнген жоқ» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Ал Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтың мәліметінше, 23-25 наурызда қалың қардың еріп, жаңбырдың жаууына байланысты Миялы, Сағыз, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтеріндегі кейбір көшелерді су басқан.

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою мақсатында аудан әкімінің өкімімен арнайы жедел штаб құрылды. Қазір кезекшілік ұйымдастырылып, жедел штаб аудандағы күштік құрылымдар мен техникалар жұмылдырылды. Тұрғын үйлердің ауласына жиналған суды арнайы техникалармен сору жұмыстары жүргізілуде. Қауіп төніп тұрған тұрғын үйлер айналасына топырақ салынған қаптармен бөгеттер қойылып жатыр» -деді Жарас Есенғалиев.



Соңғы жаңалықтар