Атырауда нан қымбаттады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда нан бағасы қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Карат» ЖШС нан бағасын 90 теңгеден 95 теңгеге көтерген.

«Осы кезге дейін Орал қаласындағы «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ-нан алынған ұнның бір келісі 155 теңге болса, қазір 165 теңге көтерілді. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыстық әкімдік пен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес, Атырау облысына 10 мың тонна бидай беріліп, әлеуметтік маңызы бар нан бағасы 90 теңгеден, бірінші сұрыпты ұнның келісі 145 теңгеден сатылған болатын. Соңғы кезде электр энергиясының, жанар-жағар май бағасының қымбаттауына байланысты наубайханалар нан бағасын бірте-бірте өсіруге мәжбүр болып отыр», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Оның айтуынша, Атырау облысына бидай Қостанай, Ақмола облыстары мен Орал қаласынан жеткізіледі. Бидайдың бір тоннасы 99,5 мың теңгеден 125 мың теңгеге көтерілген. Қазір бірінші сұрыпты нанның бағасы супермаркеттерде 85-95, көтерме бағасы 105-110 теңгені құрайды.

«Үш жақты меморандумға сәйкес, облысқа қосымша 1000 тонна ұн алынды. Ал, 2022 жылға өңірге 25 мың тонна бидай алуға Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс берілді», -деп атап өтті Амангелді Саламат.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысына келесі жылға 25 мың тонна бидай қажеттігін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар