Атырауда мұнайқұбыршылардың «Үздік маман - 2019» халықаралық байқауы басталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мұнайқұбыршылардың «Үздік маман - 2019» халықаралық байқауының салтанатты ашылуына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазТрансОйл» АҚ ұйымдастыруымен өтіп жатқан шарада Халықаралық мұнай тасымалы қауымдастығына мүше компаниялардың мамандары бақ сынайды. Атап айтсақ, қазақстандық «ҚазТрансОйл» АҚ, ресейлік «Транснефть», беларусьтық «Гомельтранснефть Дружба», украиналық «Укртранснафта», словакиялық «Транспетрол», венгрлік MOL және қытайлық CNPC – ірі мұнай тасымалдау компаниялары.

Кәсіби мамандардың сайысында 44 қызметкер үш күн бойы «Үздік электргазбен дәнекерлеуші», «Үздік тауар операторы», «Үздік химиялық сараптау зертханашысы», «Үздік технологиялық құрылғыларды жөндеу слесарі», «Үздік бақылау-өлшеу құралдары және және автоматика слесарі», «Үздік электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері», «Үздік мұнай айдау стансасының операторы» сынды сегіз аталым бойынша жарысқа түседі.

Салтанатты шараны ашқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мұнай-газ саласында мұнайқұбыршылардың еңбегі ерекше екенін атап өтті.

«Атырау – Қазақстанның мұнайлы астанасы. Елімізде шығарылатын қара алтынның шамамен елу пайызы осы өңірге тиесілі. Бұл ретте, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, экономикалық жағынан тиімді мұнай тасымалы саласы еліміздің дамуына зор үлесін қосуда», - деді өңір басшысы.

Ал «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арыновтың айтуынша, байқаудың басты мақсаты жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп, қызметкерлердің біліктілігін арттыру. «Биылғы сайыс Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойымен сәйкес келіп отыр. Байқау Халықаралық мұнай тасымалы қауымдастығына мүше компаниялардың кәсіби тұрғыдан бірігіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді», - деді.

Шарада Халықаралық мұнай тасымалы қауымдастығына мүше компания өкілдері мұнай құбыры саласындағы жаңа технологиялар туралы жазылған 8 жолдауы бар футурологиялық капсуласын «Достық» стеласына салды. Болашақ толқынға арналған жолдау 2023 жылы қауымдастықтың 10 жылдығында ашылатын болады.

Айта кетейік, алғашқы рет мұнай құбыры саласындағы жұмысшылар арасындағы халықаралық «Үздік маман» байқауы 2003 жылы Ресейдің Самара қаласында өтті. Қазақстанда бұл байқау 2004 және 2007 жылдары Ақтау қаласында, ал 2012 жылы Павлодарда өтті.

«ҚазТрансОйл» АҚ – ҚР магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы. Бүгінде оның өндірістік нысандары Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар