Атырауда мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған 150 орындық орталық салынады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, жаңа орталықтың аумағы 12 мың шаршы метрден асады.

«Үш қабатты ғимарат барлық заманауи талапқа сай болады. Медициналық нысанда тұрғындардың түрлі тобы үшін кең ауқымды қызмет көрсетіледі. Мұндай оңалту орталықтарын салу шалғай елді мекендердегі тұрғындардың сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуына жағдай жасайды. Жаңа орталықта жылына 1500-ден аса адам ем қабылдай алады», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасы толық жасақталған. Осы жобаға сәйкес, мұнда сауықтыру-жүзу бассейні, спорт және мәжіліс залдары, техникалық ғимарат пен жылыжай қарастырылған.

Ғимараттың бірінші қабатында дәрігерлік бөлмелер мен оңалту-жаттығу залы, УЗИ кабинеті және дәріхана орналасады. Сондай-ақ, жобаға сәйкес орталықта 125 орындық асхана болады.

Ал екінші қабатында науқастарды оңалтуға арналған үш аумақ жоспарланған. Бұл – медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалту аумағы. Үшінші қабатта тұз шахтасы, электр сәулесімен емдеу, ингалятор аумағы, физиологиялық және механикалық емдеу, сумен және инемен емдеу секілді терапиялық бөлмелер бар.

Қазір оңалту орталығының құрылысын жүргізетін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырауда мүгедектігі бар адамдар үшін 150 орындық оңалту орталығы салынатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар