Атырауда мүгедектігі бар адамдар үшін 150 орындық оңалту орталығы салынады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мүгедектігі бар адамдар үшін 150 орындық оңалту орталығы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Атыраудағы мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтермен танысып, арнаулы орталықтарды аралады.

«Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарын салу қолға алынды. Соның бірі Атырау облысында бой көтереді. Биыл инватакси қызметі Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырыла бастады. Енді мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық оңалту құралдарының паркін ашу жоспарланып отыр. Мұндай паркті құру оңалту құралдарының заманауи әрі қымбат түрлеріне қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді», - деп мәлім етті Ербол Оспанов.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, облыста мүгедектігі бар адамдарға арналған 55 орындық оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда бір жылда 16-дан жоғары жастағы 100-ден астам науқас кезекпен қызмет алады. Олар жылына екі рет оңалту курсынан өтеді. Былтыр 1 мыңға жуық адам оңалту іс-шарасын алған. Бірақ, қажетті құралдардың жетіспеушілігі мен орын тапшылығы сезіліп отыр.

Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы техникалық қызметкерлердің жалақы мәселесі талқыланды. Оңалту орталығының басшылары психоневрологиялық ауытқуы бар науқастарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге зейнет жасын ерте тағайындау туралы ұсынысын жеткізді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мүгедектерді оңалтуға арналған орталыққа жаңа жабдықтар алынғанын жазған едік. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, шетелдік компания мүгедектерді оңалтуға арналған 9 түрлі аппаратты сыйға тартқан.


Соңғы жаңалықтар