Атырауда мүгедектерді оңалтуға арналған орталыққа жаңа жабдықтар алынды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мүгедектерді оңалтуға арналған орталыққа жаңа жабдықтар алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, шетелдік компания мүгедектерді оңалтуға арналған 9 түрлі аппаратты сыйға тартқан.


«Басқарманың теңгерімінде мүгедектерді оңалту орталығы бар. Бұл орталық 55 орынға есептелген. Бірақ, мұнда қосымша ем қабылдаушылар үшін арнайы кабинет жасақталды. Осы орталықтың жаттығу залына жаңа заманауи жабдықтар, оның ішінде қосымша аспалы жүгіру аппараты әкелінді. Ал, науқастарды инсульттан кейін қалпына келтіруге арналған жабдықтар мен тірек-қимыл, аяқ-қол массажын жасау үшін 9 түрлі аппараттың бесеуі орналастырылды. Енді алдағы уақытта үш түрлі аппарат орналастыру жоспарланып отыр. Бұлар – тізе және жамбас буындарын, иық буынының пассивті дамуын қалпына келтіретін және эллиптикалық степпер аппараты», -деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.

Оның айтуына қарағанда, облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығында 16 жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүгедектерге қызмет көрсетіледі. Мұнда мүгедектігі бар жандар жылына екі рет оңалту курсынан өтеді. Былтыр 1 мыңға жуық адам оңалту іс-шарасын алған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 3 мыңға жуық атыраулық мүгедек шипажайда тегін емделгенін хабарлаған едік.

Кейін Атырауда жалғызбасты 100 зейнеткер шипажайда тегін ем алатынын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар